Кеше БАҚ-та Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Ұлттық фонд есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған 12 мектепті таппай жатқандары туралы ақпарат жарияланған болатын. ҚР БҒМ депутаттармен бірлесе «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан мектептер туралы қате ақпаратты кім таратқанын анықтауда.
2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық қор есебінен құны 145 млрд. теңгені құрайтын 156 мектеп пен 19 балабақшаның құрылысы қаржыландырылған болатын. 3 жылдың қорытындысы бойынша 108 мектеп пен 19 балабақша есіктерін айқара ашты.
Қалған 48 мектептің құрылысы 2018 жылға шегерілген болатын. Ал, жаңа оқу жылында 25 жаңа мектеп өзінің алғашқы оқушыларын қабылдай бастады. Жыл соңына дейін 18 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. 2019 жылы тағы 5 мектеп бой көтермек, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласында – 1 мектептен және Ақтөбе облысы – 2 мектеп.
Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі мектептердің құрылысы бойынша жоспар 85% орындалды. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе мектептердің құрылыс барысы және қаржының игерілуі бойынша мониторинг жүргізіп, мәселені өз бақылауында ұстайды.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі